МЕРЕКЕГЕ УАҚЫТ ТАПҚАН ӘКІМ, МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ АСЫҒАР ЕМЕС

URANkz азаматтық мобильді платформасына еліміздің әр өңірінен түрлі санаттағы мәселелер мен өтініш, шағымдар келіп түсіп жатыр. Әр тұрғынның сұрағы мен мәселесі әртүрлі, бірақ бәріне ортақ дүние — оларды ешкім шешкісі келмейді. Осы орайда URANkz мобильді тобын құрдық. Яғни халықтан арыз, шағым келіп түседі, біздің мобильді топ дереу сол жерге барып, мәселенің мәнін анықтап, оның жауабын құзырлы органдардан талап етеміз. Атырау облысы тұрғындарынан түскен көптеген өтінішті ескеріп осы өңірге келдік. Біз 5 күн бойы халықпен кездесіп, тұрғындардың ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан проблемаларымен таныстық. Қирағалы тұрған, жертөлесі суға толып, қысы-жазы масадан көш ашпай отырған адамдар, үйіліп жатқан, сасыған қоқыстың қасында тұруға мәжбүр болған, қала іргесіндегі ауыз су, жарық, мектеп және қоғамдық көлікке зәру тұрғындар, бірнеше өнеркәсіптің ортасында, ауадағы зиянды қалдық пен ащы түтіннен науқас болған адамдарға жолықтық.Мұнайлы астананың осындай әлеуметтік мәселелерін айтып шырылдаған халқының жай-күйін өз көзімізбен көрдік. Біз осы проблемаларды жергілікті басшылыққа жеткізіп, олардың шешімін іздеу мақсатында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мырзаның атына үндеу жолдадық. Өкінішке қарай, облыс басшысын қарапайым халықтың жағдайы аса қызықтырмайтын секілді. Облыс әкімі бізбен кездесуден бас тартты. Біз, әкімдікке барған URANkz белсенділері, “әкімнің уақыты жоқ” деген қысқа жауап алдық. Әкімдік қызметкерлері біз жинап әкелген тұрғындардың мәселесін хат түрінде қалдырып кетуді сұрады. Сол арада облыс әкімдігі ғимаратынан гүл шоғын ұстап, мерекелік шарадан шыққан адамдарды байқадық. Олар облыс басшысы іште екенін айтты. Демек мерекеге уақыт бар, ал халықтың мәселесін шешуге келгенде уақыт жоқ.

Халық пен мемлекет басшысы сенім артқан әкімнің бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Осындай әкім халыққа керек пе?

Присоединиться

Ұранға қосылу

Обратиться